қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English













 


Мырзашөл археологиялық экспедициясы
Мұражай, 2017
Мұражай, 2016
Мұражай, 2015
Мұражай, 2014
Мұражай, 2013
Мұражай, 2012
Мұражай, 2009 (245 сурет)
"Үтiртөбе", видеоролик, 3:16
"Үтiртөбе", видеоролик, 2:08

МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ КӨНЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІ


Сілтеме, карта: http://qasietti-taraz.kz/sirdariya/

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік саясаттың негізіне айналаған "Рухани жаңғыру", "Цифрлы Қазақстан" бағдарламалары аясында жан-жақты іс- шаралар қолға алынып, жүзеге асуда. Солардың қатарында тарихи-мәдени ескерткіштердің алатын орны ерекше. Міне осындай тарихы сырға толы қасиетті мекеннің бірі Мырзашөл өңірі.

Мырзашөл – Сырдария өзенінің сол жағасындағы жазық алқап. Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас орналасқан. Ауданы 10 мың шамамен шаршы шқырымды құрайды. Еліміздің оңтүстік өңіріндегі кең алқап – Мырзашөл өңірінің тарих және мәдениет ескерткіштері мен қасиетті орындарын зерттеу мәселесі қашанда өзекті.

Бұл өңірде "Сырдария" университетінің бастамасымен 2004 жылдан бастап бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып, археологиялық барлау, қазба жұмыстары жүргізілуде.

Өзектілігі Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік саясаттың негізіне айналаған "Рухани жаңғыру", "Цифрлы Қазақстан" бағдарламалары аясында жан-жақты іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асуда. Қазақ халқына ежелден белгілі, еліміздің оңтүстік шығысындағы бұл тарихи-географиялық өлкеге берілген анықтамада: " Мырзашөл – Сырдария өзенінің сол жағасындағы құмды жазық. Өзбекстандағы Сырдария, Оңтүстік Қазақстанның облысы жерінде. Ауданы 10 мың км2 Солтүстік, солтүстік –батысында (оңтүстік, оңтүстік-шығысында – М.Е.) Қызылқұмғажалғасады" – деп жазылған. Осыған орай, еліміздің оңтүстік өңіріндегі кең алқап – Мырзашөл өңірінің тарих және мәдениет ескерткіштері мен қасиетті орындарын зерттеу мәселесі өзекті болып тұр. Зерттеудің жаңалығы. 2018 жылғы зерттеудің басқа жылдармен салыстырғандағы жаңа бағыты – бұл маусымда Мырзашөл өңірі саналатын Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындағы археологиялық ескерткіштер мен қасиетті орындар тізімге алынып, суретке түсіріліп барлау жұмыстары жүргізілді. Мақсаты. Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындары бойынша "Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне" енген жалпыұлттық және өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, пайдалану және көпшілікке насихаттау мақсатында барлау, тізімге алу және виртуалды картасын даяндау шараларын ұйымдастыру. Зерттеу әдістері. Зерттеу әдістеріне дәстүрлі археологиялық барлау, фотофиксация, әуеден суретке түсіру салыстырмалы–типологиялық әдістер қолданылды. Тәжірибелік құндылығы сол, зерттеулер кезінде ашылған жаңа археологиялық ескерткіштер мен киелі орындарын анықтау Мырзашөл өңірінің қасиетті орындарының картасын құруға пайдаланылды; Зерттеуді ұйымдастыруға "Сырдария" университетінің әкімшілігі қаржылай қолдау көрсетіп, экспедицияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры М. Елеуов жетекшілік жасады. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарды үйлестіруге Мақтаарал аудандық "Сырдария" университетінің "Отан және шетел тарихы" кафедрасының меңрегушісі тарих ғылымдарының кандидаты С.Апашева мен оқытушылар т.ғ.к. М. Мейірбеков, С. Таубаев және "Гуманитарлық білім" факультетінің студенттері, "Мақта шаруашылығы тарихы мұражайының" дирекотры А. Тәжібеков, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері С. Есенов, А. Касеналин, П.Б. Мұсырманқұл қатысты.

Мырзашөл өңірінің көне ескерткіштері мен қасиетті орындарының зерттелу тарихы

Қазақ халқына ежелден белгілі, еліміздің оңтүстік шығысындағы бұл тарихи-географиялық өлкеге берілген анықтамада: " Мырзашөл – Сырдария өзенінің сол жағасындағы құмды жазық. Өзбекстандағы Сырдария, Оңтүстік Қазақстанның облысы жерінде. Ауданы 10 мың км2 Солтүстік, солтүстік –батысында (оңтүстік, оңтүстік-шығысында – М.Е.) Қызылқұмғажалғасады" – деп жазылған. Бүгінгі күнде бұл аудандар территориясындағы қалалар мен елді мекендердің пайда болуын, дамуын, олардың тарихи-топографиялық құрылымын, қалыптасу кезеңдерін және мәдениетін зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысында археологиялық зерттеулер аз жүргізілген аймақ – Мақтаарал мен Шардара ауданы болып табылады. Сондай-ақ, Шардара су қоймасы аймағында орналасқан, ортағасырлардан сыр шертетін, өзіндік тарихы бар қалалар мен елді мекендер су шайып бұзылып жатыр және бірнеше археологиялық ескерткіш су қойманың астында қалған. Осы өңірлерде жүргізілген алғашқы зерттеу жұмыстары Мырзашөлдің зерттелу тарихына қатысты алғашқы дерек П.И. Лерхте кездеседі. 1867 жылы Сырдарияны төменгі, орта ағыстарындағы ортағасырлық қалаларымен танысқан ол Түркістан, Шымкент, Ташкент арқылы Жызаққа өткен. Жызақтан шығып Жаңақорғанға (Яны-Курган) барар жолда ол Жыланоты (Джилан-Уты) шатқалындағы биік жартастағы екі жазудың көшірмесін түсіріп, олардың парсы тілінде 1424-1425 және 1571-1572 жж. жазылғанын анықтаған.

1869-1870 жж. Мырзашөлдің (Голодная степь) топографиялық түсірісін жасаған бас штабтың офицері, Барон Аминов зерттеу барысында отырықшы өркениеттің қалдықтарын олардың суландыру жүйелеріне қатысты деректер тапқан, ал Н.А. Иванов Сырдариядан Бұхараға дейін қазылған ежелгі арықтың ескі арнасы бар екенін анықтаған. 1884 жылы географ А.П. Федченко Сырдарияның сол жағалауының суландыру жүйесі туралы жазып, Шардара, Сүткент, Байырқұм қалалар тобын атап өткен. Д.И. Эварницкийдің 1893 ж. баспадан шыққан Бакуден Ташкентке дейінгі Орта Азия бойынша жолсерік кітабында Мырзашөлдің сардобалары туралы деректер берілген. Е. СмирновтыңСырдарияның орта және төменгі ағыстарында зерттеу жүргізген Е.Смирнов Мырзашөл (Голодная степь) туралы Түркестанские ведомости газетінде жарияланған мақаласынан көруге болады. Д.И. Эварницкийдің 1893 ж. баспалдан шыққан Бакуден Ташкентке дейінгі Орта Азия бойынша жолсерік кітабында Мырзашөлдің сардобалары туралы деректер берілген. 1899 ж. археологияны ұнатушылардың Түркістан үйірмесінің мүшесі Н.В. Руднев Сырдариның сол жағасындағы Шардара бекінісінен бастап Түркістанның тұсындағы Үшқайық (Уч-куюк) өткеліне дейінгі аралықта зерттеп 11 ежелгі қалалардың орнын кездестірген, олардың қатарындағы Кеты, Ұзыната, Сүткент, Байырқұм Шардараға жақын орналасқан. 1914 ж. В.Ф. Караваев құрастырған "Голодная степь в ее прошлом и настоящем" атты еңбекте Мырзашөлде осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ашылып, есепке алынған суландыру жүйесінің каналдары, сардобалары көрсетілген.

В.В.Бартольд осы еңбекке жазған пікірінде онда көрсетілген Орынбай мырза (Урумбай Мирза) каналының бағытына сын көзбен қарап оның басталған және аяқталған жеріне күдік келтірген, бірақ ол жөнінде өзі нақты пікір, ұсыныс жазбаған.

1947 ж. Материалдық мәдениет тарихы институты Ленинград бөлімшесінің қатысуымен Қазақ ССР Ғылым академиясы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияны 1947-1951 жж. аралығында А.Н. Бернштам басқарды. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы 1949 ж. Шардара өңіріндегі Сүткент қаласында екі стратиграфиялық қазба жүргізді. Сүткент ауылынан 2,5 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан қалашықтағы бірінші қазба шахристанның оңтүстік-шығыс жағында, екінші қазба цитадельде жүргізілді. Осы жылы экспедиция Көксу ауылынан 1 км оңтүстікте орналасқан Көксутөбе елді мекенін ашып, зерттеу жүргізді. Экспедиция Шардара өңірінде 1951 ж. дейін зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Соның барысында экспедиция 1950 ж. Сейіттөбе, Байырқұм қалаларында болып, Шардара елді мекенін ашып, оның тарихи-топографиялық құрылымын анықтады. 1951 ж. Экспедиция (А.Н. Бернштам, Г.И. Пацевич) Ақтөбе (Ұзыната), Байырқұм қалалары және Сүткент елді мекенінде зерттеу жұмыстарын жүргізді, ал Е.И. Агеева және Г.И. Пацевич Ақтөбе 1 қаласының схемалық жоспарын қысқаша суреттеп, табылған заттардың негізінде оны ІХ-ХІ ғғ. жататындығын дәлелдеді.

1958 ж. Сырдарияның сол жағасымен Асықата өткелінен Ұзыната аралығында археологиялық барлау жүргізген П.А. Гомолицкий бірқатар ескерткіштерді көріп, есепке алған, олардың қатарында құмның жиегінде орналасқан көне қамалдың орнын көрсеткен, осы ескерткіш Ақтөбе 1 қаласы болса керек.

Т.К. Басеновтың 1959 ж. жарияланған "VII-XII ғасырлардағы Қазақстан архитектурасы " атты мақаласында Мырзашөлдегі Мырза Рабад және Якка сардоболары туралы: "Сардобалар, демек құдық үстіне салынған құрылыстар... Сардобалар архитектурасында ярусты күмбез стилі жаслаған мұның мұндай күмбезбен үлкен кеңістікті жабуға мүмкіндік береді " –деп олардың ерекшелігін көрсеткен. Шардара ауданы Түркістан облысы аумағын тіліп өтетін көне Сырдың оң жағалауынан бастап сол жағасында, сары дала Қызылқұмды жайыла орналасқан бірден-бір өлке болып табылады. Қазақстанның оңтүстігіндегі қақпа іспеттес Шардара аумағының тарихы тереңде жатыр. Бізде қазір бұл өңір Шардара деп нақтылы қай дәуірде, қай ғасырда аталғаны туралы мәліметтер жоқ. ХІХ ғасырдың орта тұсындадағы бірқатар жазбаларында Шыназдың төменгі жағында 70 шақырымдай жерде Сырдарияның оң жағалауында Шардара деп аталатын қамал болғандығы айтылады.

Атап айтар болсақ, Шардара жерінің тарихи мұралары десе бірден еске түсетін баға жетпес Жаушықұм, Төребай тұмсық, Жамантоғай қорымдары, орта ғасырларда мәдениет пен сауданың ошағы Сүткент, Ұзын ата, Сейт төбе, Көксутөбе, Ақтөбе 1,2 қалашықтары, Шардара елді мекенінің орындары, қайталанбас ескі архитектуралық нышан Ұзын ата мазары. Аталған ескеркіштердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-60 жылдары зерттелумен шектелген. Алайда осы аймақтағы тарихымыздан сыр шертетін, мәдениетімізді көрінісі саналатын көне археологиялық, мәдениет ескерткіштеріне бүгінгі таңда аз да болса көңіл бөлінуде ме? Оларды еске алып, зерттелуіне мән беретін жергілікті құзырлы орындар немесе арнайы мамандар бар ма?

Шардара өлкесіндегі көне археологиялық ескерткіштердің зерттелуіне қысқаша тоқталып кетер болсақ, 1900 жылы орыс зерттеуші-саяхатшысы Н.В. Руднев Сырдарияның сол жағалауында жүріп өткен барлау жұмыстары нәтижесінде Байырқұм, Сүткент т.б. ескерткіштер туралы мәліметтер берген еді. Шардара жеріндегі одан кейінгі арнайы зерттеу жұмыстары белгілі археолог ғалымдар А.Н. Бернштам мен Г.И. Пацевичтің қайраткерлігімен жалғасты. 1950-51 жылдары олар Шардара елді мекенін, Байырқұм, Сүткент, Сейт төбе, Ұзыната қалашықтарын зерттеп, жобасын қағазға түсірді. Аталған орта ғасырлық ескерткіштер есепке алынып, тарихи-топографиялық құрылымдары анықталғанымен, арнайы қазба-зерттеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген.

Шардара алқабындағы археологиялық ескерткіштердегі жаңа қарқындағы зерттеу жұмыстары 1959-63 жылдары Шардара су қоймасының салынуымен байланысты болды. Орыс ғалымдары Максимова, Мерщиев, Вайнберг, Левина қола, ерте темір дәуірі мен ерте орта ғасырларда тұрғызылған Жаушықұм, Ақтөбе, Төребай тұмсық, Жамантоғай секілді қорымдарды, Ақтөбе 1,2, Жаушықұмтөбе қалашықтарын ашып зерттеген еді. Су астында қалған бұл мұралар туралы сол жылдары жоғарыда аталған ғалымдардың бірлескен "Ежелгі Шардара" атты баға жетпес еңбектері жарыққа шықты. Зерттелген қорымдар туралы ғалымдар ертеде бұл жерлерде мекен еткен тайпалар жөнінде көңілге қонымды деректер береді. Сонау көне дәуірден ескерткіштерді ғұн, қаңлы тайпалыры мекен еткендігін атап өткен. Қазіргі тарих-археология ғылымында әлі де шешімін толықтай таппаған бұл мәселелер ескерткіштердің зерттелмеуі нәтижесінде сол күйінде қалып отыр. Егер әки, көне мұраларымызда кешенді зерттеулер жүргізетін болсақ, теңдессіз жаңалықтарың ашылмауына кім кепіл? Бұл жер тарихын зерттеу арқылы ашылған жаңалықтар, шартарапқа атақты ел мақтанышына айналар ма еді? Бұған дейінгі, ауданымызбен шектес аймақтарда, тарихтағы жетіжар, қауыншы, арыс мәдениеттері, атақты ашылымдар "Есік Алтын адамы" секілді әлемдік ғылыми жаңалықтар түпкілікті қажырлы еңбектің, тыңғылықты зерттеулердің арқасында белгілі болды.

2009 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археолог-ғалымы Д. Тәлеев Сүткент қалашығының орталық бөлігінде барлау қазбасын жүргізді. Дегенмен бұл жұмыстар да кешенді зерттеу деуге келмейді. Сүткент қалашығы Ұлы жібек жолы бойындағы Сырдарияның сол жағалауындағы көлемі мен маңыздылығы жағынан ерекше, бірегей ескерткіш. Бұл дегеніміз Сүткент ерте кезеңнен мәдениет пен өркениеттің ошағы болғандығының айғағы. Әлі де болса қала қай кезеңнен толықтай өмір сүруін бастағандығы ғылымда белгісіз. Біршама ғалымдар, қалашықтың оғыз тайпаларымен байланыстырады. Демек, Сүткент түркі әлемі тарихының бір бөлшегі ретінде мақтанышымызға айналары сөзсіз. 2009, 2010 жылдары Сырдария университетінің бастамасымен белгілі археолог, т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов Шардара су қоймасы шайып жатқан Мақтарал ауданы территориясындағы Үтіртөбе қалашығында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп құнды материалдар алды.

Мырзашөл аумағында бүгінгі таңға дейінгі зерттеулер нәтижесінде 13 ортағасырлық қала, елдімекендермен қатар бірнеше көне қорымдар тобы, архитектуралық ескерткіш қатарына жататын мазар анықталып отыр. Алайда бұл мәліметтер кезінде орыс ғалымдарының зерттеу жұмыстарының нәтижелерінде анықталғандары ғана. Бүгінгі күні белгісіз тағы да ескерткіштерді анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілуі қажет деп ойлаймын. Соның нәтижесінде әлі де белгісіз тарихи ескерткіштердің табылуы мүмкін. Оларды арнайы есепке алып сақтап қорғауға тиіспіз. Онсыз да Шардара аумағы өткен ғасырдың ортасынан бастап Оңтүстік Қазақстан территориясындағы суармалы егіншілікпен айналысатын негізгі аудандардың біріне айналған болатын. Егістік алқаптарының салынуы нәтижесінде ескеркіштердің көпшілік бөлігі мүлдем жойылып кетті. Онымен қоса стратегиялық нысан есептелетін "Шардара су қоймасының" астында бірнеше қала мен көптеген көне қорымдардың қалғандағы белгілі. Табиғи-экологиялық апаттан бөлек, төбелердің көбісінің үстінде қазіргі заманғы зираттар тұрғызылған. Осы күндері кездейсоқ немесе қазіргі кезде зират құрылыстарын салу барысында табылған ескі тарихи заттар орталықтанған жерге өткізілмейді, далада су не мал аяғы астында бұзылып жатады. Осы мәселерді қарапайым халық та ұғынуы тиіс, ол жерлерде бұрынғы елді мекендер мен қала орындары болған.


ЖАУШЫҚҰМТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ

Жаушықұмтөбе қалашығы Сырдария өзенінің орта ағысындағы оңтүстік жағалауының жоғары террасаында, Шардара строй поселкасынан солтүстікке 5 км шамасында орналасқан. Оның алаңының көлемі 250 х 250 шаршы болып, биіктігі 4 м-ден 5 м-ге дейін, ал сыртқы көрінісі ескі қаланың шахристаны секілді. Оның ортасынан солтүстік-батыс беткейіндегі төбешікте пирамида секілді төртбұрышты емес алаң орналасқан. Оның өлшемі оңтүстік-батысқа 36,5 м, солтүстік-батысқа 28,6 м, солтүстік-шығысқа 98 м дейін, 0,5 м-ден 0,8 м дейінгі алаңның биіктігін дуалмен қоршаған. Алаңның ең биік ақтық нүктесінен 10 м-дей, алаң дуалының бұрышында қала цитаделінен өте биік емес адырлы мұнара орны бар. Ал алаңның ортасында көтеріңкі түрдегі қалдық орналасқан. Цитадель төмпешігінің үшінші беткейінде немесе оңтүстік-батысынан 4 м төменде дуалдың жоғарғы ернеуінде екінші бір қалдықтың орны табылды. Оның өзінше ерекшелігі дуалдың баурайынан ордың тереңдігі 0,8 – 1,1 м, ал көлемі 1 – 1,5 м шамасында. Биіктігі ордың түбіне дейін 0,6 – 1 м-дей. 
Ал алаңның шахристанында тап осылай мұнараның өте биік емес дуалдық, адырлы орны қалған. 
Шахристанда да бір-біріне қашық емес оңтүстік-шығысынан, солтүстік-шығысына қарай орналасқан әр түрлі өлшемді және түрлі типтегі жер дуалдар кездеседі. 
Қалашықтың территориясы мен айналасынан әр түрлі типтегі, формадағы ыдыстардың қалдықтары жиналды.


ШАРДАРА ЕЛДІ МЕКЕНІ, ІV–ХІІ ҒҒ.

Шардара қаласынан 2 км солтүстік-батыста, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. 1950 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы(А.Н. Бернштам, Г.И. Пацевич) ашып, зерттеген. Жобасында тікбұрышты шеңберленген алаң. Алаңның орташа биіктігі 1,5–3 м, ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке 230 м-ге, батыстан шығысқа 300 м-ге созылып жатыр. Шығыс жағының батысқа қараған бөлігінің төменінде қазіргі заманғы канал өтеді. Алаңның ортасының солтүстік-батыс жағында сопақша төбе болып келген цитадель қалдықтары жатыр. Цитадельдің биіктігі 13–14 м, негізінде 130х120 м, жоғары бөлігі 60х35 м. Елді мекенге кіретін қақпаның орны солтүстік-батысында орналасқан. Төбені айнала қоршаған ор, қамал үйіндісінің қалдықтары сақталған. Ордың ені 6–8 м, ордың жағасының биіктігі 0,5–1 м, ені 2–3 м. Үстіңгі қабаттан табылған керамикалық материалдар – шаруашылық ыдыстарының сынықтары және қолмен жасалған асхана бұйымдары: ірі және құм сияқты ыдыстар, құмыралар, құты т.б. жинап алынды.


СЕЙІТТӨБЕ ҚАЛАСЫ, І–ХІІ ҒҒ.

Қоссейіт ауылынан 1 км шығыста, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. 1950 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы(А.Н. Бернштам) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алаңның сақталған бөлігінің негізгі биіктігі 4–5 м, ұзындығы солтүстік-оңтүстік бағытта 110 м, батыс-шығыс бағытта 150 м. Төбенің орталық бөлігінің биіктігі 7–8 м, алаңның жоғары жағының диаметрі солтүстіктен оңтүстікке 80 м, батыстан шығысқа 70 м. Үстіңгі қабаттан керамикалық материалдар – құм сияқты ірі ыдыс сынықтары, ас үйлік, асханалық керамика бұйымдары т.б. жинап алынды[5, с. 332].

Халық арасындағы аңыз бойынша "сейіт" сөзі "шейіт" сөзімен баламаланады. Ертеде ауылдағы бар мал-мүлікті барымташылар алдына салып алып кеткен. Елдегі ер азаматтар ауылда болмай, барымташыларды екі жас бала артынан қуып малды қайтарып алмақ болған екен. Ағайынды екеудің ағасы үлкен төбеде, кішісі кіші төбеде шейіт болып, сонда жерленген. Кейін "шейіт" сөзі "сейіт" болып, бүгінгі Кіші Сейт, Үлкен сейіт төбелер аталып кеткен. Үлкен Сейіт төбе қазіргі Қоссейіт ауылының солтүстік шығысында орналасса, Кіші сейіт төбе Көк су ауылының оңтүстігінде орналасқан.


КӨКСУТӨБЕ ЕЛДІ МЕКЕНІ, ІV–ХІІ ҒҒ.

Көксу ауылынан 1 км оңтүстікте Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. 1949 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы ашып, зерттеді. Екінші рет 1982 ж. Шымкент пединститутының археологиялық экспедициясының отряды(А.Н. Подушкин) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жобасында сопақ болып келген алаң, биіктігі 1,5–2 м, жақтарының ұзындығы: солтүстік–оңтүстік 120 м, батыс–шығыс 160 м. Алаңның барлық жағынан(батыстан басқа) ені 20–25 м. ор қоршап жатыр. Алаңның ортасында биіктігі 8–9 м. сопақша келген бекініс қалдықтары жатыр. Бекіністің жоғары бөлігінің жақтарының ұзындығы: солтүстік-оңтүстік 35 м, батыс-шығыс 50 м. Үстіңгі қабаттан керамикалық материалдар – асханалық, шаруашылық ыдыс сынықтары жинап алынды. Керамикалық бұйымдарға өрнектелген сызықтың іздері салынған және ангоб жағылған. Елді мекеннің батыс жағы қазіргі заманғы канал құрылысын салу кезінде бүлінген.


ҰЗЫН АТА КЕСЕНЕСІ

Ұзын ата кесенесі Шардара ауданы Ұзын ата ауылдық округінде орналасқан. Әмір Темірдің әмірімен XIV ғасырдың соңында тұрғызылған. Кесене ішінде есікке қарама қарсы күмбездің астында Ұзын ата мүрдесі жатыр, оған бір метрге жуықтайтын құлпытас қойылған. Ұзын ата Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінің бірі ретінде қасында еріп жүрген. Сыр бойы халықтарының ықыласына бөленіп, ел абызы, әлеумет қамқоршысы, әулие кісі атанған. Ескі аңыз-әңгімелерде Ұзын атаның шын аты Асан ата деседі. Әр сөзі дуалы Асан қария Ақсақ Темірдің бас кеңесшілерінің бірі болса керек. Оның Ақсақ Темірге айтыпты деген сөзі ел аузында. Асан ата (Ұзын ата) дүниеден өткенде, байсалды кеңесімен, терең ойымен тәнті еткен бас кеңесшісінің қазасы қа¬бырғасын қайыстырған Ақсақ Темір ол кісінің басына бір күннің ішінде кесене салдырыпты. Ұзын ата елді мекені Ақсақ Темірдің Сырдария бойына жүргіз¬ген соңғы жорықтарының бірінде аяқ суытқан бекеті болған. Ол сондай-ақ, сол тұстағы ел билеушілерінің бірі Хәліл-Сұлтан Ақсулаттан Отырарға бара жатқан жолында Ұзын ата түбінде Шахрухқа табан тірегені ту¬ралы деректер бар. Және ескіден жеткен шежірелерде Ұзын ата осы өңірді мекендеген халықтардың ыстық ықыласына бөленгендіктен аруақты қария, ел атасы – әулие кісі атанған. Зеңгі атадан бата алған екен деген де әңгіме бар. Көп жорықтардың бірінде осы өңірге айлап ат шалдырып, әскерін тынықтырған Ақсақ Темір Асан ата туралы әңгімелерге молынан қанығып, әруағына бас иіп, тағзым етіп, өзінің перзенттік парызын өтеуі ретін¬де бұйрық беріп, осы күмбезді салдырып кеткені жөнін¬дегі деректер де жұрт жадында қалған.


СҮТКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ, І–ХV ҒҒ.

Сүткент ауылынан 2 км батыста орналасқан. 1900 ж. Н.В. Руднев, 1949 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) зерттеді. "Мәдени мұра" бағдарламасын жүзеге асыру барысында "Қазақ хандығы қалалары" тақырыбымен Сырдария өзенінің сол жағалауында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары өңірдің осы бөлігі тарихтың белгілі бір кезеңінде гүлденген аймаққа айналғандығын көрсетті. Онда ауыл шаруашылығы мен сауда қатынастары қатар дамыған, қайнаған тіршіліктің орталығы болған қаншама қалалардың орындары ашылды. 

Сырдарияның сол жағалауында жазба деректер мәліметтері бойынша бірнеше қалалардың (Сүткент, Құжан, Аркук, Аққорған, және Өзкент) аттары аталады. Солардың ішінде аты алғаш айтылатыны Сүткент. Қаланың орны қазіргі Шардара ауданына қарасты Сүткент ауылының маңында. Қаланың орнын алғаш 1900 ж. Н.В. Руднев тапқан. 1949 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) кішігірім зерттеу жүргізді. Сол кезде салынған екі кесінді қазбадан шаруашылық және тұрмыстық ғимараттардың орны ашылған. Бірсыпыра қыш ыдыстардың сынықтары жиналған. Сол жылғы зерттеулер Сүткент қаласының екі орыны болғанын көрсеткен. Алғашқысы Сүткент І ауылдың солтүстік батыс шетінде екі шақырым жерде (жергілікті халық Шыңғыстөбе деп атайды). Екіншісі ауылдың оңтүстік шетінде орналасқан Сүткент ІІ қалашығы. Ол аса үлкен емес, төртбұрышты төбешік. Экспедиция мүшелері 1949 жылы салынған қазбаның материалдары негізінде Сүткент І қалашығы ХV-ХVІ ғасырлар аралығында, Сүткент ІІ қалашығы ХІХ ғасырға дейін тіршілік кешкен деген болжам жасаған болатын. Дегенмен 1960 жылы басылып шыққан "Археологическая карта Казахстана" атты жинақта біршама түзетулер жасалып, Сүткент І ХІV-ХVІІІ ғғ. Аралығында өмір сүрген деп берілген. Ал 1994 жылы жарық көрген "Свод памятников истории и культуры Казахстана" атты жинақтағы мәліметтер ОҚАЭ мүшелері Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтің (Из истории оседлых поселении и городов Южного Казахстана) еңбегінен көшіріліп берілген. Демек Сүткенттің орнында алғашқы зерттеу жүргізілгеннен бері 60 жыл өткен және осыған дейін кең көлемдегі жан-жақты зерттеу жасалмаған. Алынған мәліметтер толық емес, көп жағдайда шындыққа сәйкес келмейді.

2009 жылы "Қазақ хандығы қалалары" отряды Сырдарияның сол жағалауында жүргізген барлаудың нәтижесі аты жазба деректерде Х ғасырдан белгілі Сүткент қаласының шын мәнінде уақыт жағынан кезектесіп келетін үш бірдей орында болғанын анықтады. Яғни қала үш дүркін орын ауыстырған. Қаланың алғашқы кезеңінің орны Ақтөбе қала жұрты болған. Бұл қалашық осы күнге дейін белгісіз болып, зерттелмей келген. Сүткенттің ертедегі өмірі жайлы мәлімет ешқандай жазба деректерде кездеспейді. Бірақ қаланың сол замандағы орны (Ақтөбе қалашығы) қазіргі Сүткент ауылының батысында 3 шақырым жерде сақталған. Қалашықтың географиялық координаттары: С.41°55'137"; Ш.68°04'258", теңіз деңгейінен биіктігі 207 м.

Ол орталық бөлігі төрт бұрышты келген, айнала дөңгелек шаһристан қоршаған қалашық. Жалпы ауданы 7,6 га алып жатыр. Ескерткіште ешқандай қазба жүргізілмеген. Қалашықтың топографиялық ерекшелігі мен үстінен жиналған қыш ыдыс сынықтарының сипаты шамамен ІV-VІІІ ғғ. аралығына жатады.


БАЙЫРҚҰМ ҚАЛАСЫ

Байырқұм ауылынан оңтүстік-батыста, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан. 1900 ж. Н.В. Руднев, 1950-51 жж. Оңтүстік Археологиялық экспедициясы(А.Н. Бернштам, Г.И. Пацевич), 1982 ж. Шымкент пединститутының археологиялық экспедициясының отряды(А.Н. Подушкин) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жобасында тікбұрышты төбе, өлщемдері: негізгі 300–400 м, биіктігі 2–2,5 м. Төбенің сыртқы жағында мұнара құрылысының үйіндісі және тереңдігі 1,5–2 м, ені 16–18 м ордың қалдықтары сақталған. Қалашықтың ортасында тікбұрышты төбе болып келетін цитадель қалдықтарының өлшемдері: негізі 90х100 м, биіктігі 9–10м. Цитадельді мұнара қалдықтарының үйіндісі мен ор қоршап жатыр. үйіндінің биіктігі 1,5–2 м, ені 15–20 м. Цитадельдің солтүстік-батысында хаузаның қалдықтары жатыр. Үстіңгі қабаттан керамикалық материалдар – құты, құмыра, көзе ыдыстарының сынықтары және бүтін корчаг, құм сияқты ыдыстар жинап алынды. Ыдыстардың сыртына ангоб жағылған.


МҰҢЛЫҚ-ЗАРЛЫҚ ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ

Мұңлық моласы Арыс ауданы Байырқұм ауыл әкімшілігіне қарасты Аққала елді мекенінен бір шақырымдай оңтүстік-шығысындағы ескі қорымда орналасқан. Қорым Арыс-Шардара автомобиль жолы арқылы Ешкілі көлмен байланысады. Солтүстігі ашық, солтүстік-батысында Аққала елді мекені орналасса, батысы мен оңтүстігі ашық, мал жайылымымен жалғасады. Зарлық моласы мен Мұңлық моласының арасы тікесінен 4,5-5 шақырым келсе, айналма тас жол ұзақтығы - сегіз шақырымды құрайды. Басында сағана жоқ қара мәрмәр тасқа "Мұңлық рухы. Анасы Ханшайым, әкесі Шаншархан патша. 440 жыл дүниеден өткеніне. 1996 жыл қойылды" деп жазылған.

Мұңлық пен Зарлық – қалың қазақ еліне "Мұңлық- Зарлық" дастаны болып жеткен жырдың кейіпкерлері. Жергілікті қариялар аңыздағы егіздерге арналған мұнараны "Өте ескі дәуірде тұрғызылған" деп айтады. Халық оны "Мұңлық-Зарлық" дастанымен байланыстырады. Қазірге дейін адамдар мұнара орнына барып түнейді. 

Аңызға сәйкес, ертеде қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін тоқтатыпты. 

Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егіздерін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі құрыған қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткенде, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса, "ән салып тұрған" қасындағы биік ағаш екен. Қыз күн¬діз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы "әнші" ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, "әнші" ағаш қай¬та зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл қыздың екі бала¬сынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егіздерінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тар¬тылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, "Қызым – Мұңлық" деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке "Ұлым – Зарлық" деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егіздерін іздеп кеткен екен. Мұңлық-Зарлық әулие кесенесі Арыс ауданында орналасқан.

БАЙБАҚ БАТЫР

Қызылқұмда Майқала (қазіргі Шардара ауылы) Қоңыраттың көктің ұлы атасының Алғый руынан Қарамайрақ деген кісі болыпты. Қарамайрақ (Майрақ деп те аталған.) Датқа болып, ел басқарған. Өзі қарапайым, ер жүрек батыл, реңі қап-қара, аңшы, сері, ел арасында беделді кісі екен. 

Оның екі ұлы Өтеш, Байбақ жастайынан өжет, батыл өз қатарларынан ерекше болыпты. Өтеш пен Байбақ ер жеткен соң, Қоңыраттардың басқа жігіттеріменқосылып елді Қоқан ханның ел тонайтын сарбаздарынан, қарақшылардан қорқап, барымта, жер және жесір дауларына қатысады.

Байбақ батыр шамамен 1820 жылы дүниеге келген. Өте денелі, өжет, қайратты, ешнәрседен қашпайтын ержүрек, реңі қап-қара, сері ақындығы да болған.Бақуатты адамдар Байбақты жігіттермен бірге ел қорғаудан басқа барымтаға елдегі дауларды шешуге жұмсап отырған.Ол жігіттермен Сыр бойы, Арыс, Әлімтау, Келес және Шымқорған, Нұрата аймақтарындағы барлық ұлыстарға, басқа рулардың батырларымен бас қосып елді, қарапайым халықты қорғаған. Алғый Топаш, Шайқыдан ақсақалдар Байбақ батырдың ақындығы туралы еске алады: "Байбақ батыр алып келген малдарын аағайындарына, басқа тұрмысы төмен адамдарға таратып береді екен. Бір жылы құрбандық шалуға малы болмай қалады. Мұны байқаған ауыл молдасы "Батырым-ау! Өзіңде болмаса, бай ағайындарың, малды туыстарың бар. Солардан неге бір мал алып, құрбандық шалмайсыз, мұныңыз ұят болды ғой", - деп, жұрт арасында айтыпты. Сонда Байбақ батыр былай депті: - Сөйлемесең сөздің атасы өледі деген бар, ағайынның малы аспандағы мал, інідегі мал – індегі мал, баладағы мал – даладағы мал. Сұраған адам қайыршы, ал ұрлаған адам қарақшы. Ұяты жоқ адамнан мал алып борышты болғанымша, алмай Алланың өзіне ақ борышты болайын", - деген екен.


ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҮТІРТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Мақтарал ауданының орталығы Жетісай (бұрынғы Сырдария) ауылынан 30 км солтүстік-шығыста, Сырдария өзенінің сол жағасындағы өзектің жағасында орналасқан ортағасырлық Үтірлітөбе (Үтіртөбе-М.Е.) қаласын 1971 жылы Өзбек ССР Археология институтының Шаш-Илак тобы ашып, оның тарихи-топографиялық құрылымын анықтап, әртүрлі бөліктерінде қазба жұмыстарын жүргізген. Жалпы көлемі 60 га жерді алып жатқан ортағасырлық қала бір-бірінен ор, жолмен бөлініп жатқан үш бөліктен тұрады: шахристан, одан батыста, шығыста жатқан құрылыс қалдықтары сирек кездесетін ауыл шаруашылық аймағы және шахристаннан оңтүстік-батыста орналасқан қала зираты. 

1971 жылы Ю.Ф.Буряков басқарған Шаш-Илак археологиялық тобы ортағасырлық Үтіртөбенің әртүрлі бөліктерінде қазба жұмыстарын жүргізді. Шығыс секторда жүргізілген қазбадан үш архитектуралық-құрылыс кезеңінің құрылыстары ашылған. Құрылыстың қалыңдығы 1 м келетін пахса қабырғаларының астына қамыс төселген. Келесі кезеңдерде бөлмелердің арасындағы қабырғалары көлемдері 40х20х7; 34х17х4; 27х14х4 см кесектен қаланған. Кесектердің алғашқы үлгісі ІХ ғ. соңы – Х ғасырдікі, ал соңғы екі үлгідегі кесектер ХІ ғ. кең таралған. Салтанатқа арналған бөлмелердің едендеріне "шырша" түрінде қаланған қыш кесектер төселген. 

Бөлмелердің әртүрлі деңгейден ашылған едендерінен бояусыз және полихромды өрнекті бояулы ыдыстар, бедерлі штамты өрнекті дастархандар, жемчуг, короал, аметист, сердолик, лазурит, кварц, холиадон, сүйек, паста, шыныдан жасалған жүзден аса моншақтар, бетіне кесіп салған өрнегі бар сүйектен жасалған түйме табылды. Сердоликтен жасалған гемманың бетінде "Убайдулла ибн Али" деген куфалық вязьбен жазылған жазуы бар. 

Шахристанның Сырдарияның ескі өзегінің жағасында орналасқан тұрғын және өндіріс кешендерінде жүргізілген қазбадан квартал болып орналасқан тығыз құрылыс қалдықтары ашылды. Қазбаның шығыс секторынан ашылған бөлмелер кварталды бойлай орналасқан. Шамасы, оларды өзенді жағалай салынған көше біріктіріп тұрған болса керек. Үш топқа біріккен 30 бөлменің 11-інде қазба жүргізілді. Ашылған бөлмелердің сыртқы пахса қабырғаларының қалыңдығы 1 м, ал ішкілерінікі – 46-60 см. Бөлмелерден бірнеше деңгейдегі едендер ашылды. Қазба кезінде диірменнің, металл өңдеуге арналған пештің қалдықтары, шлак, темір балта табылды. Қыш ыдыстар негізінде бояусыз, қолдан жасалған шырақтар, таба кездесті, сонымен қатар, Х-ХІ ғғ. кезінің ақ түспен көмкерілген сырлы ыдыстары да бар. 

Қала қамалының шығыс бөлігінің орта тұсынан қазылған кесік пахса блоктары мен кесектен қаланған қамалдың табанындағы қалыңдығы 2,5 м, үстінде - 1,8 м екенін көрсетті. Қамалдың сыртқы жағына жапсарлана құмдан пештің салынғанына қарағанда, ХІ-ХІІ ғғ. кезінде қамал бекініс қызметін атқармаған болса керек. 

Қала зираты шахристаннан оңтүстік-батыстағы көлемі 2,5 га төбеде орналасқан. Зираттағы сағана-камералардың қабырғалары көлемдері 42х20х7; 37х16х7 см кесектен қаланған, үсті – қиғаштай қырынан өрілген кесекпен жабылған. Зираттағы бұзылып жатқан сағана-камералардан көлемдері 34х17х5; 29х14х4 см келетін қыш кесектер кездеседі. 36 камера тіркелді. Жерлеу шұңқыры саяз олардың сол жағында лақаты бар. Адамдар шұңқырға ұзынынан арқасына жатқызып не оң жамбасына, басы солтүстікке қарап жерленген. Камера – сағаналардан табылған кесектердің көлеміне қарағанда жерлеу орындары ІХ-ХІІ ғғ. кезінікі, олар қала кварталдарымен бір кездікі.


АСЫҚ АТА КЕСЕНЕСІ

Асық ата әулие басына тұрғызылған кесене Атамекен ауыл әкімшілігі орталығы Атамекен ауылынан 5 шақырым солтүстікте, Жетісай-Шардара автомобиль жолының оң қапталындағы қорым ішінде орналасқан. Қорымды "Шара молда, Асық ата қабірстаны"деп атайды. Қабірістан аумағы шамамен 19-20 гектар келеді. Асық ата басына тұрғызылған 10-7 метрлік кесене осы қорым ішінде орналасқан. Кесененің қабырғасы күйген кірпішпен көтерілген, қабырғасының биіктігі іргетасымен есептегенде 3,5 метр. Төбесінде екі күмбезі бар: бірінің диаметрі – 4 метр, биіктігі – 3,5 метр; екініші күмбез кішілеу, диаметрі – 2,5 метр, биіктігі – 2 метр. Кесененің ішкі құрылысы екі бөлмеден тұрады. Үлкен күмбездің астындағы 5 х 4 метрлік бөлмеде Асық ата, кіші 5 х 2,5 метрлік бөлмеде Иманқұл қалпе жатыр. Ол кісі Асық атаның шырақшысы болған.

Асық ата мен Иманқұл қалпенің алғашқы кесенесінің қабырғалары бөлек болған. 2004 жылы кесене қайта жаңаланып, оның демеушілері Бабишев Айдархан, Нұрманов Мамыр, Ибрайымов базарбай деген азаматтар екі сағаның сыртықы қабырғаларын қоса соқтырған, бірақ есіктері бөлек салынған. Асық ата есігі оңтүстікке, Иманқұл Қалпе есігі батысқа қараған. Кесененің айналасында цементтен жасалған кафель төселген. Асық ата кесенесінің төбесі жабылған, Иманқұл қалпенің басында бір түп ағаш өскен, сондықтан жабылмаған, күмбезі төбесі ашық есене үстіне орнатылған.

Ел аузындағы әңгімелер "Мұсылман дінінің әлі құлаш жайып, кең тарамаған кезі болса керек. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пйғамбарымыз өзінің сенімді адамдарын жер-жерлерге мұсылман дінін дәріптеп таратуға және осы мұсылман дініне енгізуге өз өкілдерін жібереді. Олар: Зеңгі ата, Ұзын ата, Асық ата және тағы басқа осы кісілер секілді дарынды, әулие кісілер еді. Соның ішінде оңтүстік өңірге жіберген өкілі Асық ата әулие екен. Асық ата бұл өңірге келгесін, ел ішін аралап, мұсылман дінін насихаттайды. Ел ішіндегі ауру-сырқауларды емдейді. Хылықпен тіл табысып, мұсылман дінін кеңінен дәріптей бастайды. Халыққа өзінің көп септігін тигізіп, елге жақсылық жасағасын жұр оның соңынан еріп, мұсылман дініне кіреді. Ешқандай қантөгіссіз, дау-жанжалсыз түпкі мүддесіне жеткен әулие түпкілікті осы жақта Пайғамбарымыздың өкілі ретінде қалып қойған екен" дейді.

Сондай-ақ, қариялардың "Сыңсыған қызыл жыңғылы мен қоңыраулы шеңгелі қалың тоғай болып кеткен, ара-арасына үпелекті қамыс шетіне таман Асық ата әулиенің тастан қаланған төрт құлақты қабірі болатын. Бұл күндері Шардараның жасанды көлінің астында қалған әулиенің сүйегі жатқан бұрынғы қабірі басында өткен ғасырда алыстан көрінетін әдемі айшықты күмбезді кесенесі тұрады екен. Бірақ Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде қараусыздық пен күтімсіздіктен көне заманнан келе жатқан бұл тарихи сағана құлап, жермен-жексен болып, соңында жасанды теңіз астында қалып кеткен" деген әңгімелерге қарағанда, Асық атаның алғашқы кесенесі бұрынғы Киров, қазіргі осы әулиенің есімімен аталатын аудан аймағында болған екен. 1917 жылға дейін онда Асық ата мешіті жұмыс істеген. Кесене мен мешіт Самарқан облысының Қожент уезіне қарасты Иіржар болысының Ақтөбе әкімшілік аумағында болған. Ш. Ділдәбеков атындағы қауымдастықтың тұрғыны Кәрібай Мылтықбаевтың әңгімесі: "Біздің бала кезіміздеАсық ата әулиеге арнап салынған ескерткіш кесене болатын. Оның неше жыл әрі қай ғасырда өмір сүргенін діл болжай алмаса да, жұртшылық әулие атаны аузынан тастамайтын, есімін естен шығармайтын. Әулие атамыздың басына тұрғызылған кесене бірде-бір шете қағылмай салынған, сыртқы көрінісі киіз үйге ұқсайтын. Оны Сырдария өзенінің толқындары, Шардара су қоймасының қуатты күші шайып кетіп, кесене су астында қалды. Мырзашөл мен Қызылқұмдағы көзге түсетін әсем ғимараттардың бірі еді. Сыр бойын жайлаған халық Асық ата кесенесіне түнеп, түстеніп, құран оқып, дұғасын жасап аттанатын" дейді. Кешегі алпысыншы, жетпісінші жылдары шардара су қоймасы салынып, сырдария өзен суы бөгелген жылдары су жоғары көтеріліп, әулиенің мүрдесін басып кететіндей жағдайға барады. Осы кезде әулиеге табынып, басына түнеп жатқан бір кісі еміс-еміс айқайлаған дауыс естиді. Аңғарып қараса, дыбыс Асық ата әулиенің мүрдесінен шығатын тәрізді. Құлақ қойып тыңдаса: Ей, инабатты мұсылмандар, мен су астында қалатын болдым, құтқарыңдар! – деп қайталап жатады. Алғашында қария мән бермейді, кейін ақ киімді кісі әлгі қарияның түсіне қайта-қайта еніп, "Қабатымда бибім бар. Ұрпақтарымыз бізді шынымен ұмытқаны ма? Сен бас болып ізде, біз пәлен деген жерде жатырмыз", - дейді. Әлгі зиярат етуші кісі бұл оқиғаны сол кезде оңтүстік өңіріне белгілі ғұлама молда Зәуірбек деген кісіге барып айтады. Осыдан соң, қарияның аузынан шыққан аңыз тектес бұл хабар елге тарайды. Бүкіл ел жиналып, әулиенің жатқан жерін іздеп тауып, бейіттің басында ас беріп, құран оқытып, Асық ата әулиенің мүрдесін қазып алып, осы ауданның "Атамекен" кеңшарындағы Шора молда әулиенің зиратына арулап қояды. Сондағы қатысқан кісілердің айтуынша, Асық атаның сүйектері ірі, бойы ұзын болса керек. Шипа іздегендер осында келіп, түнеп ем қабылдайды. Асық ата туралы ел арасында әңгімелер көп. Соның бірі шардаралық қаракөсе Молда Мұса Жұманазарұлының "Ұзын ата" толғауында айтылады. Дастанда айтылған үш атаның бірі – Сәдір ата осы Асық ата екен. Оның Асық ата аталуы асық ойынына құмар екен. Кесдескен жерде отыра қалып асық ойнайды екен. Асық ата емші болған. 

Тарихы әлі хатқа түспеген ұлы әруақтың өмір сүрген уақытын жергілікті халық "Қазақ деген атау әлі елдік дәреже алмай тұрғаннан бұрын еді. Ол халықты дінге тартып, имандылыққа үндеді" деп түсіндіреді және осы қисын бабадан балаға ауысып келе жатқан шежірелік дерекке сай келеді.

Асық ата әулие елдің ынтымақ-бірлігін ұйытқан, әділетті, ақылды, ұстамды, шешен болуымен қатар, берген серт, айтқан уәдесінде тұратын қайсар мінезді батыр-қолбасшы, сондай-ақ балгер-емшілік қырлары да болған екен делінеді бізге жеткен аңыз сарындарында. Әулиеге бейсенбі күні келіп, құрбандық шалушылар, зиярат етушілер көп. Әулиенің азан шақырып қойған аты басқа, оны әлі күнге дейін ешкім дөп басып айта алмай келеді.


АСЫҚ АТА МЕШІТІ

Асық ата мешіті Мақтарал ауданы Асық ата кентінің күнбатыс жағында орналасқан. Мешіт 1996 жылы Асықата аудан әкімі Омарбек Нұржановтың басшылығымен, Бас имам Абибулла Бәйменов, марқұм Жолдасбай Ералиев, Тойым Жүнісов, марқұм Ақансері жақсылықовтардың белсене қатысуы және жергілікті тұрғындарының қаражатымен салынған. Мешіттің жер көлемі 60 сотық.

Сыйымдылығы 800 адамға арналған мешіттің ұзындығы мен ені – 22 метр, диаметрі – 10 метр, күмбезге үлкен аспалы люстра ілінген. Мешіт жарықпен, жылумен қамтамасыз етілген. Мешіт жанында биіктігі 22 метрлік мұнара тұрғызылған. Мешітке 3 есік, 8 терезе орнатылған. Мінбері мен имам намаз оқитын михраб бар. Ішкі қабырғалары әшекейленген. Мешіттің жанында ұзындығы 34 метр, ені – 5 метрлік 4 бөлме орналасқан. Онда имам, наиб имам, неке қиятын және бала оқитын бөлмелер бар. Дәретхана аулада орналасқан.Мешіт алдына демеуші Өтенов Айдархан салған 300 адамдық бастырма тұрғызылған Мешіттің үлкен көше жақ беті 140 метрлік қара қоршаумен қоршалып, сырланған. Мешіттің кіреберісіне дейін ұзындығы 300 м, ені 4 метр асфальт жол салынған. Жолдың екі жағында 64 түп роза гүлі отырғызылған. Мешіттің жол жақ бетіне 10 түп шырша, терек пен қара ағаш егілген. Мешіт ауласында 46 түп өрік, шабдалы, жаңғақ, алма, қызыл шие ағашы жеміс беріп тұр. Мешіттің жол жақ бетінің солтүстік, шығыс, батыс беткейі биік бетон плитамен қоршалған.


ӘКІМ ИШАН БАБА

Әкім ишан баба қабірі Өзбекстан Республикасына қарасты Шымқорғандағы Балықшыда, - дейді, Асық ата кесенесінің шырақшысы, - бұл араға көріпкел әулие атаның қабірі басынан әкелінген тасы мен топырағы ғана қойылған.

Әкім ишан бабаның тасы асық ата әулиенің дәл іргесіне, оңтүстік-батыс қабырғасынан 1,5 метрдей қашықтықта қойылған. Қойылған орынның аумағы – 2 х 1,5 метр. Қабырғасы күйген кірпіштен 1,45 метрлік биіктетіле өрілген. Төбесі ашық, есігі жоқ. Кірер есіктің дәл іргесінде 0,65 м биіктікте 1,30 х 0,70 м көлемде цемент құйылым, оның үстіне Әкім ишанның аты жазылған 1,15 х 0,55 метрлік қара мәрмар тас қойылған.


ТАУБАЙ АТА

Бейіті Асық ата ауылнан есептегенде 150-200 шақырым құмның ішінде орналасқан. Өзбекстан Республикасында. Ол кісі елім деп еңіреп, қазақ жерін басқыншылардан қорғаған. Елдің бірлігі үшін күрескен батыр әрі от ауызды, орақ тілді шешен кісі болған. Көп аңыздың бірінде былай делінеді.Бірде ол кісі серілік құрып, ел қыдырып жүргенде ауылын басқыншылар жаулап, ерін құл, әйел-қызын күң қылмақшы болып мал-жанын қоса айдап кеткен екен. Содан Таубай ата жаудың кеткен жағын біліп, соңынан қуа жөнеледі. Жаудың көріпкелі – "Артымыздаг мың қол келеді немесе мыңға татитын бір қол келеді" - деген екен. Айтса айтқандай, бұл кісі бір өзі мың қолға татитын кісі екен. Ол кісі "Я, аруақ!" - деп айғайлағанда дүние күңіреніп, жаңғырып жаудың дегбірін алады" деседі. Ілгеріде өткен кісілер ақырзаман болғанда:


Сөздің амалы кетіп, самалы қалады, 
Бидайдың ұны кетіп, сабаны қалады. 
Әйелдің ұяты кетіп, ажары қалады, 
Жігіттің қайраты кетіп, базары қалады. 
Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалады, - деп жазып кетіпті.

Мүмкін басқа әулиелердің әруағы кеткендері бар шығар-ау, бірақ Таубай атамыздың әруағы әлі күнге дейін мықты. Жетісай ауданы, Ленин совхозының тұрғыны Өтен Есболов былай дейді: "Бір жылы қорада тұрған қойыма лаң келді Күнде бір қойым өліп тұратын жағдайға ұшырадым, не қыларымды білмедім. Мал дәрігерлерінен көмек болмады. Таубай ата есіме түсіп, ол жаққа малымды айдап апара алмайтынымды біліп, бір жеңіл машинамен барып, сол мазардан топырақ әкелдім. Малымды айдап шығып, топырақты үйіп қойып, мал сойып, құдайы ас бердім. Содан соң малымды екі-үш рет айналдырып айдап кеттім. Үйген топырақты алып, ая баспайтын жерге қойдым, сол-сол екен қойларымның өлуі пышақ кескендей тыйылды". Халқымыздатағы бір даналық бар: 
Ауылдың шалдары шала болса, 
Басшылары бал болса, 
Жігіттерінің аузы ала болса, 
Жағалай қонған ел жетім.


ШӘРІ БАБ

Шәрі баб атаның (XVIII ғ.) көк тасы Шора молда кесенесінен 8-10 метрдей оңтүстік-батыста орналасқан. Көк тас 0,75 х 0,40 метрлік алаңға орнатылып, асты кірпішпен 0,50 метр биіктетілген. Кірпіш үстіне 1 х 0,18 х 0,12 метрлік көк тас қойылған. Көк тасқа жазу жазылған. Көк тастың басына 1 х 0,40 метрлік қара мәрмар қосымша қойылып, оған "Шәрі баб ата XVIII ғ. жасаған" - деп жазылған.


ШОРА МОЛДА ӘУЛИЕ

Шора молда (XVIII ғ.) әулиенің басына тұрғызылған кесене Атамекен ауыл әкімшілігінің орталығы Атамекен ауылынан 5 шақырым солтүстігіндегі қорымда, Асық ата әулие сағанасынан 85-90 метр батыста орналасқан. Кесененің 8 х 5 метрлік қабырғасы күйген кірпіштен қаланған, биіктігі іргетасымен қоса есептегенде 3 метр.

Кесененің төбесі жабылып, диаметрі 4 метрлік күмбез орнатылған. Есігі оңтүстікке қараған. Ішінде екі адамның қабірі бар: есіктен кіргенде оң жақтағы қабір Шора молданың қабірі болса, сол жағындағысы Нұрмаханбет шайых атаның қабірі. Ол кісі шора молданың шырақшысы болған. Екі қабірдің ортасы екі метрдей ашық, ортаға кілем төселген. Нұрмұханбет шайых атаның басында бір түп ағаш бар. Кесене айналасы цементтелген.

 


Мұражай, 2017
Мұражай, 2016
Мұражай, 2015
Мұражай, 2014
Мұражай, 2013
Мұражай, 2012
Мұражай, 2009 (245 сурет)
"Үтiртөбе", видеоролик, 3:16
"Үтiртөбе", видеоролик, 2:08




Біздің мекен-жайымыз:
160500, Түркістан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Tелефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

free counters
^ Жоғары шығу